Эстония сыртқы істер министрлігі ресейлік шекарашылардың шекараны заңсыз кесіп өтуіне байланысты қарсылық нотасын тапсыру үшін бейсенбі күні Ресейдің сенімді уәкілін шақырды.
Эстония сыртқы істер министрлігінің ақпаратына қарағанда, оқиға Васкнарва елді мекені аумағындағы толқыннан қорғайтын құрылғы маңында 17 желтоқсанда болған. Ресейлік шекарашылар сол аумақта заңсыз болған.
Эстония сыртқы істер министрі Маргус Цахкнаның айтуынша, бұдан кейін эстон күштері осы аумақта бақылауды күшейткен. Таллин бұған жауап береді.
"Бұған ең жақсы жауап - Украинаны қолдай беру және Ресейге саяси және экономикалық қысымды күшейту" деді министр.
Эстония билігінің айтуынша, сәрсенбі күні ресейлік шекарашылар аумақты заңсыз кесіп өткен. Таллиннің айтуынша, олар сол аумаққа су немесе мұзбен жүретін көлік түрімен жетіп, айлақ бойымен жүріп, ізінше көліктеріне оралған.
Ақпарат құралдарының жазуынша, шекарашылар Эстония аумағында шамамен 20 минут болған. Алдын ала ол жөнінде ескертілмеген.
DPA агенттігінің жазуынша, Эстония билігінде бақылау камерасынан жазылған видео да бар.
Эстония ішкі істер министрі Игорь Таро ресейлік шекарашылардың бұлай жасауына не түрткі болғаны әзірге белгісіз екенін айтты.
"Қауіпсіздікке тіке қатер төнген жоқ, бірақ полиция мен шекарашылар бақылауды күшейтті" деді Таро ақпарат құралдарына.
DPA Эстония мен Ресей өкілдерінің кездесіп, оқиғаны талқылағанын жазды. Эстония дереккөздерінің айтуынша, Ресей жағы ресейлік шекарашылардың аумақты заңсыз кесіп өткенін мойындамаған және деректерімен бөлісуге немесе түсіндіруге дайын болмаған.
Ресей жағы ресми түрде оқиғаға түсініктеме бермеді.
- 2024 жылы мамырда Эстония шекара басқармасы Ресей екі елдің территориялық суын белгілеу үшін Нарва өзеніне орнатылған 50 буйдың (судық саяз жерін көрсету үшін қойылған қалқыма белгі) 24-ін алып тастағанын хабарлаған. РБК жазуынша, буй әр көктемде орнатылады және өзен арнасының өзгеруіне байланысты жыл сайын өзгеріп отырады. Биыл Эстония Ресейді бірнеше рет әуе кеңістігін бұзды деп айыптаған. Мәскеу мұны жоққа шығарды.